Атырауда автобус жүргізушісін соққыға жыққан ер адамға қатысты тергеу басталды

Атырауда автобус жүргізушісін соққыға жыққан ер адамға қатысты тергеу басталды
Фото: Атырау облыстық ПД
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда қоғамдық көліктің жүргізушісін балағаттап, соққыға жыққан ер адам ұсталды. Полиция қызметкерлері бұзақыға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, автобус жүргізушісін соққыға жыққан ер адамның жасы – 47-де.

«Бүгін, 5 наурыз күні сағат 14:40 шамасында 47 жастағы ер адам №22 бағытта қатынайтын қоғамдық көліктің жүргізушісіне күш қолданып, ұрып-соққан. Қазір 49 жастағы жүргізушіге келтірілген дене жарақатын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ұсталған күдіктіге қатысты бұзақылық дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырауда автобус жүргізушісінің соққыға жығылғанын хабарлаған едік. Ер адамның автобус жүргізушісіне қол жұмсағаны туралы Instagram желісінде видео тарады. «Смарт-Атырау» КМК директоры Арслан Ароновтың айтуынша, автобус жүргізушісі полицияға шағым түсіреді.

«Автобусқа мінген ер адам жүргізушіге дөрекілік танытып, қол жұмсады. Соққының салдарынан жүргізушінің беті мен көзі істі. Автобус жүргізушісі полицияға шағым түсіреді. Ал бұзақылық жасаған жолаушы валидаторды сындырды», - деп мәлім етті Арслан Аронов.

Соңғы жаңалықтар