Атырауда балық аулауға шыққан азамат суға батып кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Индер ауданында балық аулауға кеткен азаматтың денесі бір тәуліктен кейін Жайық өзенінен табылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, полиция және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

суға кетті
Фото: ШҚО ТЖД

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1993 жылы туған азамат 8 маусым күні кешкісін Жайық өзеніне балық аулау үшін барып, суға батып кеткен. 9 маусым күні оны іздестіру жұмысы тоқтатылды. Құтқарушылар азаматтың мәйітін суға кеткен жерден шамамен 100 метр қашықтықтан тауып, судан шығарған.

- Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 17 қызметкері, 4 техникасы және 3 жүзу құралы, полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды,-деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

25 мамырда өңірге қарасты Құрманғазы ауданында 10 жасар бала суға батып кеткен еді.

Айта кетейік, Атырау облысында шомылу маусымы ашылған жоқ.