Атырауда басқарма басшысы екі ай мерзімге үйқамаққа алынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов екі айға үй қамақта отырады.
Бұл деректі Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі растады.
«Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының 7 наурыздағы қаулысымен Д.К-ға қатысты 2 ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Бұған Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушісінің облыс прокурорының орынбасарымен келісілген өтінішхаты негіз болды», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Атырау облысы дене шынықтыру басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінгенін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлім етті.
«Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі тергеуде. Лауазымды тұлға ведомстволық бағынысты ұйымнан спортшыларға оқу-жаттығу жиындарынан өтуге бөлінген қаражаттан 1,2 млн теңге сомасында пара алу бойынша күдікке ілінді», - деді Арман Тілеукенов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы дене шынықтыру басқармасы басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры 2 ай үй қамақта отыратынын жазған болатынбыз.