Атырауда бет-әлпетті танитын камерамен халықаралық іздеуде жүрген 2 адам анықталған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда камера наурыздан бері халықаралық іздеуде жүрген 2 адам анықталды. Оның бірі Baizar сауда орталығында, екіншісі Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежайда ұсталған.

Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының аға инспекторы Айдос Қошпановтың мәліметінше, мұнайлы шаһардағы 6 мыңнан астам камера «Target EYE» жүйесіне қосылған.
— Бұл ақпараттық-бағдарламалық кешеніндегі 4 мыңнан аса камера қоғамдық орындарға орнатылып тұр. Ал 2 мыңнан астамы — интергацияланған камералар. Мұндай камералар адамдар көп шоғырланатын мектептер мен балабақшаларда, ойын-сауық орталықтары мен базарларға орнатылды. Бейнеаналитикалық камералар аталған жүйеге қосылғаннан бері 53 адам тексеруден өткізіліп, оның 19-ы анықталды, - дейді Айдос Қошанов.
Оның айтуынша, жаңа жүйе Ішкі істер министрлігінің ұсынысымен іздеуде жүрген қылмыскерлер, хабар-ошарсыз кеткен азаматтар мен пробациялық бақылаудағы тұлғалардың деректерімен толықтырылған.
— Жүйеге енгізілген деректердің нәтижесінде бет-әлпетті тану арқылы 31 наурызда Baizar сауда орталығында халықаралық іздеуде жүрген бір адам ұстады. Ал 12 сәуірде Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында 1991 жылғы тағы бір адам анықталып, полиция бөліміне жеткізілді, - деп мәлім етті Айдос Қошпанов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 25 адам мерт болғанын жазған едік.