Атырауда биыл бірде-бір жаңа аялдама салынбады
АТЫРАУ.KAZINFORM – Биыл Атырауда жаңа автобус аялдамалары салынған жоқ. Ал қалаға 200-ге жуық аялдама қажет. Әкімдік осы жылы 100-ін салуды жоспарлаған еді. Алайда бұл жұмыс жоспар күйінде қалды.
Жол құрылысы немесе жөндеу аяқталған көшелердің кейбірі әлі күнге аялдамалармен толық қамтылмаған. Сәуір айында әкімдік өкілдері биыл 100 аялдама орнатылатынын мәлімдеген еді.
Алайда бұл жұмыс істелмеді. Аялдамалар Береке, Өркен, Жұлдыз, Мирас, Самал сынды бірнеше ықшамауданға қажет.
- 2027 жылы қала аумағында бастапқы кезеңде 50 аялдама павильонын орнату үшін тиісті бюджет қаражатын сұрату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, аялдама павильондарын орнату жұмыстары тек аталған 50 нысанмен шектелмейді. Бұл – бастапқы кезеңге жоспарланып отырған сан. Қала аумағындағы аялдамаларды кезең-кезеңімен жаңарту және қосымша павильондар орнату жұмыстары алдағы жылдары да жалғасын табатын болады,-деп жауап берді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 2025 жылға дейін қала аумағында және қалаға қарасты елді мекендерде салынған аялдамалар мен аялдама павильондарын жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне беру бойынша қажетті құжаттарды әзірлеп жатыр. Құжаттар толық рәсімделген соң нысандар аталған мекеменің теңгеріміне беріледі. Кейін оларды күтіп-ұстау және жөндеу жұмысына жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты болады.
Бүгінде Атырау қаласында қоғамдық көліктер 39 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Аталған бағыттарға күнделікті 310 автобус қызмет көрсетеді. Оның ішінде 36 бағыт жергілікті бюджет қаражаты есебінен субсидияланады. Бұл үшін қазынадан 15,5 млрд теңге бөлу жоспарланған.
- Жыл қорытындысы бойынша тасымалдаушылардың нақты орындаған жұмысы мен расталған шығындарына сәйкес төленетін субсидия көлемі жоспарланған сомадан төмен болуы мүмкін. Қоғамдық жолаушылар тасымалын субсидиялау «Әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Аталған қағидаларға сәйкес, субсидиялау жергілікті атқарушы орган белгілеген тариф пен жолаушылар тасымалының экономикалық негізделген тарифі арасындағы айырмашылықтан туындайтын тасымалдаушылардың шығындарын өтеу мақсатында жүргізіледі,-деп түсіндірді бөлім.
Қазіргі уақытта Атырау қаласында жолаушыларды электрондық билеттеу жүйесі бойынша екі оператор – «Smart Qala» және «ONAY» компаниялары жұмыс істеп жатыр. Заңнама талаптарына сәйкес, қоғамдық көлікте электрондық билеттеу қызметін бірнеше оператор қатарынан көрсете алады. Осыған байланысты қалалық әкімдік нақты бір операторды таңдап, алдағы уақытта тек бір ғана төлем жүйесімен жұмыс істеу туралы шешім қабылданған жоқ.
Kazinform тілшісі 2012 жылдан бері өзгермеген жолақы тарифіне қатысты сұрақ қойды. Әкімдітің ресми жауабына сүйенсек, күн тәртібінде қоғамдық көліктегі жол ақысын көтеру мәселесі жоқ.
- Қазіргі уақытта жолақы тарифін көтеру мәселесі жоспарға енгізілмеген. Алдағы уақытта бұл мәселе туындаған жағдайда, тиісті экономикалық есептеулер мен негіздемелерге сәйкес қаралады,-деп жауап берді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Бұған дейін Қостанай автобустарында қолма-қол төлем тоқтатылуы мүмкін екенін жазған едік.