Атырауда былтыр із-түзсіз жоғалған бойжеткенді Жайықтан іздеу тағы тоқтатылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда былтырғы қазанда 23 жастағы бойжеткен жоғалып кеткен еді. Оны Жайық өзенінен іздеу екінші рет тоқтатылды.

Атырауда 23 жастағы бойжеткенді 3 күннен бері іздеп жатыр
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, 2001 жылғы Яна Легдокимова 2024 жылғы 18 қазанда үйінен шығып, хабар-ошарсыз кеткен. 

— Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жоғалып кеткен бойжеткенді қайтадан іздеуді 2024 жылдың 15-29 желтоқсаны аралығында жүргізді. Іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруді Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидар Қажкенов пен өңірлік департамент бастығының орынбасары, подполковник Ратбек Демеуберген қолға қолға алды. Іздестіру жұмыстарына 36 құтқарушы, 1 кинологиялық есеп жұмылдырылып, 6 техника, 2 су көлігі мен ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды, — деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Жоғалған бойжеткенді іздеуге анасы да қатысқан.

— Іздеу операциясы аясында Жайық өзенінің жағалауы мұқият тексерілді. Жайық өзенінің түбі сүзілді. Су арнасының түбін егжей-тегжейлі зерттеу үшін құтқарушылар сүңгуір-құтқару жұмыстарын жүргізіп, эхолот қолданды, — деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.

Алайда іздестіру жұмыстары нәтиже берген жоқ. Сол себептен, іздестіру жұмысы екінші рет тоқтатылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырауда 23 жастағы бойжеткенді 3 күннен бері іздеп жатқанын жазған едік. 

Бірнеше күннен кейін Атырауда 23 жастағы бойжеткеннің із-түзсіз жоғалуына байланысты екі күдікті ұсталды. 

Бұдан соң із-түзсіз жоғалған 23 жастағы бойжеткенді Жайық өзенінен іздеуді бастады. 

Алайда бойжеткенді Жайық өзенінен іздеу 44 күннен кейін тоқтатылды.

Былтырғы желтоқсанда жоғалып кеткен бойжеткенді Жайық өзенінен іздеу қайта жалғасқан болатын.

Соңғы жаңалықтар