Атырауда былтырғы қазаннан бері тұрғын үйдегі өрттен 6 қаза тапқан

өрт
Фото: ТЖМ

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында былтырғы қазаннан бері тұрғын үй секторында 50 өрт оқиғасы тіркелген. 

Өрттің салдарынан 6 адам қайтыс болған. Оның ішінде екі бала бар.

Атырау облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Даурен Берденовтің мәліметінше, өрттің 50 пайыздан астамы электр желісінің тұйықталуынан болған.

«Жылыту маусымы басталған қазан айынан бері тұрғын үй секторында 50 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Оның ішінде 18 өрт қаңтар айынан бері болған. Тұрғын үйдегі жалынның салдарынан 6 адам қаза тапты. Оның ішінде 2 адам өрттен, 2 ересек пен 2 бала газ жарылысынан күйік жарақатын алып, облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде қайтыс болды», - дейді Дәурен Берденов.

Оның айтуынша, жылыту маусымы қарсаңында 974 мәрте рейд өткізілген. Рейд кезінде 94 576 адамға өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау түсіндірілген.

«Тұрғын үйдегі өрттің бірнеше себебі бар. Өрттің 50 пайыздан астамы ток желісінің қысқаша тұйықталуынан болады. Ал, 5-7 пайызы балалардың отпен ойнауынан болатыны анықталып отыр», - деп мәлім етті Дәурен Берденов. 

Осы кезге 1 702 тұрғын үй иесінің әлеуметтік тұрмысы төмен екені анықталған. Жергілікті атқарушы органдар қолдауымен аталған тұрғындардың үйіне улы газ бен түтінге байланысты дыбыс белгісін беретін 1163 датчик қондырылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, 5 адамды күйік шалғанын жазған едік.

Атырау қаласының Көкарна ауылында 2 қаңтарда тұрғын үйде газ-ауа қоспасының дүмпуі болған. Дүмпудің соңы өртке ұласып, тұрғын үйдің 140 шаршы метрі жанып кеткен. Өрттің салдарынан 5 адамды күйік шалды. Зардап шеккендер ауруханаға түсті.

Кейін аурухананың жансақтау бөлімінде ерлі-зайыпты, үш айлық және үш жасар бала қайтыс болды. 

Соңғы жаңалықтар