Атырауда бір айда дағдарыс орталығына 4 әйел мен 11 бала орналастырылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 399 рет шақырту түскен. Құқыққа қарсы әрекеті үшін 272 адам жауапқа тартылды.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Раиса Айтжанованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетудің бірнеше себебі анықталып отыр.
«Біріншіден, бұған маскүнемдік әсер етеді. Екіншіден, қызғаншақтықтың соңы зорлық-зомбылыққа ұласады. Үшіншіден, жұмыссыздықтың салдарынан отбасылық кикілжің туындайді. Биыл жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 399 хабар түсті. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған 15 адам дағдарыс орталығына орналастырылды. Оның ішінде 4 әйел, 11 бала бар», - дейді Раиса Айтжанова.
Оның мәліметіне қарағанда, 272 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) жауапкершілікке тартылған. Ал, 290 адамға қатысты 1 ай мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылған. Ерсі мінез-құлқын көрсетіп, қорғау нұсқамасын бұзған 19 адам жазаланған. Мәжбүрлеп емдеу мекемесіне 3 адам жіберілді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер немесе олардың куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет. Полиция қызметкерлері жәбірленушілерге құқықтық кеңес, психологиялық көмек көрсетеді. Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін жеке профилактикалық шараларды қолға алып, дағдарыс орталығына бағыттайды», -деп хабарлады Раиса Айтжанова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 20 күн сабаққа бармаған оқушының анасына айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.