Атырауда бір жылда тұтынушылардың 36 млн теңгесі кері қайтарылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Былтыр Атырау облысында тұтынушыларға 36 млн теңгесі кері қайтарылған. Бұған олар түскен 1 101 арыз себеп болған. 

тұтынушы
Фото: Pexels

Атырау облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлем Уәлиевтің мәліметінше, тұтынушылардан 701 жазбаша, телеграм бот арқылы169, жедел желіге 79 арыз түскен.

Ал, 152 арызды департамент басшысы мен мамандары қабылдаған. 

«Тұтынушылардың арыздарына байланысты жоспардан тыс 16 тексеру тағайындалды. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 14 ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Қысқартылған тәртіппен 2 әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы сомасы 138 мың теңгені құрайтын айыппұл мемлекет пайдасына өндірілді. Арыздарды қарау және консультативтік көмек көрсету арқылы тұтынушыларға 36 млн теңгеден астам қаржы кері қайтарылды», — дейді Әлем Уәлиев.

«Қара Шаңырақ Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Лугзана Байлауованың айтуынша, 2019 жылдан бері тұтынушылардың құқығын қорғаудың бірыңғай жүйесі — e-tutynushy.kz сервистік платформасы жұмыс істеп тұр. 

Аталған платформа тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі өтініштерді жедел қарауға және заңнама нормаларын түсіндіруге арналған. 

«Платформаның басты мақсаты — туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында азаматтар мен бизнес, қоғамдық ұйымдар мен тұтынушылардың өмір сүру сапасын жақсарту. Сервисті дербес компьютер және мобильді телефон арқылы қолдануға болады» — деді Лугзана Байлауова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғандардан 690 млн теңге өндірілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар