Атырауда бірінші сұрыпты ұн, күріш пен жұмыртқа бағасы төмендеген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауары ұсынылады. Бағаны тұрақтандыру, қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында мониторинг қолға алынған.

Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаеваның айтуына қарағанда, мониторинг нәтижесінде кейбір азық-түлік тауарларының бағасы төмендеген.
– Атап айтқанда, бірінші сұрыпты ұн бағасы 204 теңгеден 198 теңгеге төмендеп, 2,9%-ға арзандады. Ал бұрын 519 теңгеден сатылған С1 санатындағы 10 дана жұмыртқаның құны 462 теңгеге дейін түсті. Күріштің бір келісі 432 теңгеден сатылып жатыр. Бұрын оның бағасы 489 теңге еді, -дейді Алтынай Ерубаева.
Оның берегіне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар ұн мен жұмыртқа Атырау қаласындағы кәсіпорындарда шығарылып жатыр. Мәселен, ұнмен жергілікті «Карат», «Дәулет Нан», сондай-ақ «Желаев астық өнімдері комбинаты» ЖШС қамтамасыз етеді. Ал жұмыртқаны «Дәулет құс» ЖШС шығарады. Аталған құс фабрикасының қуаты – айына 4,5 млн жұмыртқа шығару. Ал күріш Қызылорда облысы мен Ресей Федерациясынан жеткізіледі.
– Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер «Идеал», «Лидер», «Payda» супермаркеттерінде арзан бағамен сатылып жатыр. Атырау қаласының тұрғындары үшін сенбі және жексенбі күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеде жергілікті ет, сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер қолжетімді бағамен ұсынылады. Кәсіпкерлерге өнімдерін сату үшін шатыр, арнайы киім, мекеме атауы жазылған табло тегін беріледі, -деп мәлім етті Алтынай Ерубаева.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының тұрақтандыру қорында 400 тонна көкөніс барын хабарлаған едік.