Атырауда бұрын істі болған адамдар мектепте жұмыс істеген

Прокуратура
Фото: агентство Kazinform

АТЫРАУ.KAZINFORM - Атырау облысында бұрын сотты болған үш адамның мектепте жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Мәлім болғандай, бұл азаматтар мектептерге кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты және денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған. 

«Жоғары сынып оқушыларының ұрып-соғу фактілерін және басқа да құқыққа қарсы іс-қимылдарды жасырғаны үшін ӘҚБтК-нің 127-1-бабы бойынша 5 мектеп директоры әкімшілік жауаптылыққа тартылды» — делінген хабарламада. 

Одан өзге облыстық прокуратура 16 мемлекеттік және 1 жекеменшік мектепте тыйым салынған интернет-контентке еркін қол жеткізу фактілері анықтаған. Қазіргі уақытта осы сайттарға қолжетімділік шектеліп, кінәлі адамдар ӘҚБтК 409-бабының 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. 

«Барлығы 129 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектеп тексерумен қамтылып, заң бұзушылықтарды жою туралы 91 ұсыныс берілді. 108 заңды және 55 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, бір адам жалған дипломды пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осыған ұқсас фактілер бойынша тағы екі сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 353 млн теңге сомасына негізсіз жоспарланған мемлекеттік сатып алу тоқтатылды» — делінген прокуратураның хабарламасында.  

Осы бағыттағы тексерулер жалғасатын болады. 

 

Соңғы жаңалықтар