Атырауда бюджет қаржысын жымқырған директор мен есепші сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында екі лауазымды тұлға ірі көлемде бюджет қаржысын талан-таражға салып, таныстарының есепшотына аударған. Сот директордың бас бостандығын 3,6 жылға шектеп, бас есепшіні 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Жылыой аудандық сотының ақпаратына сүйенсек, кінәлілердің бірі Ж.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармағымен, ал Ш.-ға 189-бабының 3-бөлігінің 1,2 тармақтары, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған.
— Ш. Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының № 2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас есепшісі және уақытша мекеме директоры міндетін атқарушы болғанына қарамастан 2021-2022 жылдары өзінің және таныстарының банктегі есепшоттарына 73 млн теңгеден астам қаржы аударған. Ал басқарма директоры Ж. 2022-2024 жылдары 6 млн теңгеден астам қаржыны өзінің және таныстарының банктегі есепшоттарына аудару арқылы иемденген. Осылайша олар аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, талан-таражға салған, -деп хабарлады аудандық сот.
Прокурор сотталушы Ш.-ны 6 жыл 8 ай, Ж.-ны 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші Ш.-ға 60 млн астам теңгеге талап қоюын қанағаттандырып, заң шеңберінде жаза тағайындауды ұсынды. Сотталушылар өз кінәларын мойындап отыр.
Сот үкім шығарар алдында жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескерді. Мәселен, Ш. залалды ішінара, ал, Ж. залалды толық көлемде өтеген. Ж-ның тергеуге жәрдемдескеніне және жалғызбасты ана екеніне назар аударылды.
— Сотталушылар тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Ш.-ға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, бас бостандығын 7 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды. Ж.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 4-бөлігін қолданылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру, бас бостандығын 3 жыл 6 ай мерзімге шектеу жазасы берілді, -деп мәлім етті аудандық соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директорынан 2 млрд теңге залал өндірілгенін жазған болатынбыз.