Атырауда екі ауылды жалғайтын жолды бес күннен бері су басып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы Хамит Ерғалиев-Таңдай ауылдарына қатынайтын жолдың үстімен бесінші күн қатарынан тасқын су ағып жатыр.
Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, ауылдары бағытындағы жолдың үстімен аққан тасқын су әлі тоқтамаған.
«Соңғы бес күннен бері Х. Ерғалиев-Таңдай бағытындағы жолды су басу жағдайы сақталып отыр. Судың көп мөлшерде келуіне байланысты асфальт та, оның астындағы топырақта та әбден ылғалданды. Сол себептен, аталған жол бойында жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында жүк қозғалысына шектеу енгізілді», -деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Қазақстанның халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиевтың атымен аталатын ауыл Исатай ауданында орналасқан.
Ауылдың бұрынғы атауы Қамысқала еді. Бұл ауыл 1928-1930, 1939-1957 жылдары бұрынғы Новобогат, қазіргі Исатай ауданының орталығы болған.
Ал, Таңдай — Махамбет ауданындағы Бақсай ауылдық округінің орталығы.
Тарихи дерекке қарағанда, ауыл маңындағы биік төбеге Бабыл деген байдың Таңдай есімді қызы жерленген. Ауыл атауы осыған байланысты қойылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы Таңдай-Хамит Ерғалиев ауылдарына қатынайтын жолда бөгет алынып жатқанын жазған болатынбыз.