Атырауда екі жылда 1 мыңнан астам жұмысшының жалақы қарызы өндірілген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда соңғы екі жылда 1 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалған. Оларға 586 млн теңге жалақы берешегі өндіріп берілген.

жалақы
Фото: Kazinform

Атырау облысы прокуратурасының алқа отырысында еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек қатынастары саласында туындаған дауларды болдырмау мәселесі талқыланды.

Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, қала және аудан прокурорлары, өңірдегі ірі мұнай компанияларының бірінші басшылары қатысты.

Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың дерегіне сүйенсек, прокуратураның қадағалау жұмыстары нәтижесінде 20-ға жуық кәсіпорын әкімшілік жауапқа тартылған.

Кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 мыңнан астам жұмысшының құқықы қорғалып, 586 млн теңге жалақысын өндіріп қамтамасыз етілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында азаматтардың еңбек құқықтарының қорғалуын қатаң қадағалау тапсырылды.Осыған орай Бас прокурордың тапсырмасымен бірқатар іс-шара атқарылды. Мәселен «Gold Construction», «Вест Дала», «КМГ-Секьюрити» және басқа да мекемелерде еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы, жалақының уақытылы төленбеуі, еңбекақыны арттыру, тұрғындарды жұмыспен қамту саласында орын алған құқық бұзушылықтар жойылды. Біліктілігі мен лауазымы сәйкес келмейтін 200-ден астам шетел жұмысшысының рұқсаты кері қайтарылды. Заңсыз еңбек еткен 18 шетел азаматы Қазақстан Республикасы аумағынан депортациялау арқылы шығарылды»,- деді облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау басты назарға алынып отыр.

«Мемлекеттің басты ұстанымы — адамның құқығын қорғау, заң үстемдігін сақтау. Әр адам құқығы мен қызметіне сай жалақы алуы керек. Осы орайда жұмысшыларға қолайлы жағдай жасағанымыз жөн. Сондықтан прокуратураға арнайы келіп, осы мәселені қозғап отырмын. Біз бірлесе жұмыс жүргізуіміз қажет» -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кей компаниялар жұмысшыларға жалақысын бермей келгенін хабарлаған болатынбыз.