Атырауда екі жылдан бері онкодиспансер салу мәселесі шешілмей келеді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Бірнеше жылдан бері Атырауда онкологиялық диспенсерге жаңа ғимарат салу мәселесі шешілмей келеді. Әкімдіктің жоспары бойынша нысан 2024 жылдың аяғында басталуы тиіс еді. Алайда бұл жұмыс созбалаңға салынып кетті.
Жуықта облыстық онкологиялық диспансердің жаңа ғимаратын салу үшін 35,9 миллиард теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланды. Медициналық нысан 180 орындық болуы тиіс.
Тапсырыс беруші — Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Құжатқа сәйкес, құрылыс «толық аяқталған» кешендік жұмыстар форматында жүзеге асырылады, яғни, мердігер нысанды бұзып, орнына жаңа ғимараттың жобасын жасап, құрылысын жүргізуі шарт. Жобалау кезеңі барлық бастапқы дерек тапсырылған күннен бастап төрт ай ішінде аяқталуы тиіс. Жобаның жобалау кезеңі барлық қажетті бастапқы құжаттар тапсырылған күннен бастап 4 айға созылады. Бұл мерзімге жобаны сараптамаға өткізу уақыты кірмейді. Ал құрылыс жұмыстарының нақты ұзақтығы ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы шыққаннан кейін нақтыланады.
— Жаңа онкологиялық диспансерде заманауи инженерлік жүйелер қарастырылады. Атап айтқанда, нысан сумен, кәріз жүйесімен, газ және электр желілерімен, телефонизация жүйесімен қамтылады. Сонымен қатар, энергия үнемдеу технологиялары мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану көзделген, — делінген техникалық талапта.
Жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігіне де бейімделеді. Ғимаратта пандустар, арнайы кірме жолдар және мүгедектер арбасына арналған құрылғылар орнатылмақ. Бұдан бөлек, бейнебақылау жүйесі енгізіліп, қауіпсіздік талаптарына ерекше көңіл бөлінеді.
Техникалық талапқа сәйкес, құрылыс барысында жоғары сапалы құрылыс материалдары мен жабдықтар қолданылып, отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық берілуі керек.
Жалпы Атырауда қатерлі ісікке шалдыққан 6000-ға жуық адам есепке алынған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында — асқазан қатерлі ісігі, екінші орында — сүт безі қатерлі ісігі, ал үшінші орында — тоқ ішек қатерлі ісігі тұр. Мамандардың айтуынша, республика бойынша Атырау облысы онкологиялық аурушаңдық көрсеткіші жағынан 14-орында.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша Атырау облысында онкологиялық аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 136,8-ге тең (245 жағдай). Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 13,7%-ға жоғары.
Қазіргі уақытта қолданыстағы диспансердің аумағында радиологиялық корпустың құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің сөзінше, диспансердің уақытша басқа ғимаратқа қашан көшетіні әзірге белгісіз.
Бұған дейін Атырау әкімдігі неліктен 16 млн теңгеге ғимарат жалдап отырғаны жөнінде жазған едік.