Атырауда электр энергиясының жаңа тарифі бекітілді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда тұрмыстық тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифі 1 қазаннан бастап 10 пайызға өседі.

Қытай бірыңғай ұлттық электр энергиясы нарығын қалай құрып жатыр
Фото: Canva

«Атырау Жарық» ЖШС таратқан ақпаратқа сәйкес, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті компанияның электр энергиясына бағаны көтеру туралы ұсынысын қараған.

Бұған дейін «Атырау Жарық» тұрғындар үшін тарифті 1 кВт/сағ үшін 28,98 теңгеге дейін көтеруді ұсынған еді. Бұл қолданыстағы бағадан 30 пайызға немесе 6,69 теңгеге жоғары. Алайда қарау нәтижесінде тұрмыстық тұтынушылар үшін электр энергиясын бөлшек саудада өткізу қызметінің бағасы кВт/сағатына 24,52 теңге мөлшерінде келісілген. Баға ҚҚС-сыз көрсетілген. Осылайша тариф 10 пайызға немесе 2,23 теңгеге өсті.

Монополист мекеменің мәліметінше, бағаның өзгеруіне энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар тарифтерінің өсуі, ұлттық жоба бойынша шығыстардың енгізілуі, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысының артуы себеп болған.

Бұған дейін атыраулықтар электр энергиясы мен жылу тарифін көтеру ұсынысына қарсылық білдірді. Олар тарифті өсіруге негіз болған шығындардың толық әрі ашық көрсетілуін талап етіп, қызмет құны қымбаттағанымен, желілердің тозуы мен қызмет сапасына қатысты мәселелердің әлі шешілмегенін айтқан еді.