Атырауда емхана қызметкерлеріне берешекке байланысты сыйақы берілмеген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы №4 емхана қызметкерлеріне кредиторлық берешектің салдарынан қаржылай сыйақы берілмеген.

Әлеуметтік желіде аталған емхана бас дәрігерінің қызметкерлерге қаржылай сыйақы берілмейтіні туралы аудиосы тараған еді. Осыған байланысты Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі төмендегідей түсінік берді.
– Бауыржан Төлеген 2024 жылғы 14 ақпанда Атырау қаласындағы №4 емхана бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалған. Емхананың кредиторлық берешегі 635 млн теңгені құрады. Жыл соңына дейін берешектің 500 млн теңгесі өтелді. Медициналық мекеменің қызметкерлері 30 желтоқсанда емхана басшысына жыл соңына дейін атқарылған жұмыс қорытындысымен қаржылай сыйақы беру туралы мәселесімен жүгінген. Алайда емхананың 135 млн теңге көлемінде өтелмеген кредиторлық берешегінің болуына байланысты сыйақы беру мүмкін емес. Денсаулық сақтау министрлігінің №238 бұйрығына сәйкес ақшалай сыйақылар және қосымша ақшалай сыйақылар қолда бар қаржылық ресурстар болған жағдайда беріледі. Бұл жөнінде қалалық емхана қызметкерлеріне түсінік жүргізілді, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау фельдшерлері жүкті әйелді үйінде босандырып, егіздің өмірін сақтап қалғанын жазған болатынбыз.