Атырауда ер адам көпірден Жайық өзеніне секіріп кетті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында ер адам жаяу жүргіншілерге арналған көпірден Жайық өзеніне секіріп кетті. Оны жедел құтқару жасағының қызметкерлері құтқарып қалды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға бүгін, 28 қыркүйекте болған.
«Таңертеңгі сағат 8:28-де департаментаменттің диспетчерлік пультіне Атырау қаласының «Тұрғындар қалашығы» шағын ауданындағы жаяу жүргіншілер көпірінен ер адам суға секіргені жөнінде хабар түсті. Шақырту орнына дереу жеткен құтқарушылар ер адамды судан шығарды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Ер адамды құтқаруға төтенше жағдайлар департаментінің 4 құтқарушысы, апаттық медицина орталығының 3 қызметкері мен 1 қайық, 1 көлік тартылған.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
«Полицейлер жасанды тыныс беру әрекетін жасаған соң ер адам есін жиды. Қазір аталған дерекке қатысты жедел-тергеу тобы кешенді тергеу амалдарын жүргізуді бастады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Әзірге ер адамның көпірден Жайық өзеніне секіруіне не себеп болғаны белгісіз. Жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері ер адамды облыстық ауруханаға жеткізді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 15 жасар қызды тұрмысқа бергені туралы ақпарат тарағанын хабарлаған болатынбыз.