Атырауда ер адамды соққыға жыққандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда түнгі мезгілде ер адамды соққыға жығып кетті. Жергілікті полиция қызметкерлері күш көрсетушілерге қатысты қылмыстық іс қозғады. 

Атырауда ер адамды соққыға жыққандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Polisia.kz

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, төбелес Атырау қаласындағы «Тұрғын үй қалашығы» шағын ауданында болған. Видеода жігіттің бірі жерде жатқан ер адамды тепкені түсірілген.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерекке қатысты құқық бұзушылардың ұсталғанын мәлім етті. 

– Қазір қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі. 

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, зардап шеккен ер адам ауруханаға жеткізілген. 

– 5 сәуірде түнгі сағат 02:58-де Атырау қаласының С.Сауырғалиев көшесіндегі тұрғын үйдің алдында болған оқиға бойынша жедел жәрдем қызметіне шақырту түсті. Оқиға орнына барған жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері 1984 жылғы ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ол дене жарақаттарымен облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде науқастың жалпы жағдайы – орташа тұрақты, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол апатынан зардап шеккен 18 жастағы бозбала ауруханада көз жұмғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар