Атырауда ерекше балаларды мектепке даярлайтын орталық ашылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда көру және есту қабілеті бұзылған балаларды мектепке даярлайтын «Шамшырақ» орталығы жұмысын бастады. Орталыққа 2-6 жас аралығындағы балалар қабылданады. 

ерекше бала
Фото: Самұрық-Қазына қоры

Орталық директоры Сайрагүл Зайдолланың айтуынша, мұнда балаларға коммуникациялық дағды мен академиялық білім үйретіледі. Орталықта тактильді және дыбыстық дағдыларды дамытуды біріктіретін жеке бағдарлама мен ерекше техника бар. Бұл – әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, есту қабілетін дамыту, Брайль, тактиль және ыммен сөйлеуді үйрену сабақтары. Орталықта 5 маман жұмыс істейді.

«Өзім көп жыл тифлопедагог ретінде ерекше балалармен жұмыс істедім. Сол себептен, тек теориялық білімге ғана емес, жеке тәжірибеме де сүйенемін. Өйткені, ерекше балаларға ерекше көзқарас қажет. Сондықтан оларды дамыту үшін ынталандырушы орта құруды көздедік. Қазір шахмат және фортепиано секциялары ашылды. Болашақта ерекше балаларға арналған балабақша мен кәсіби бейімдеу орталығын ашуды жоспарлап отырмын», - дейді жоба авторы Сайрагүл Зайдолла.

Ол бұл жобасын жобасын 2022 жылы жеке кабинет ашудан бастаған. Ал былтыр шетелдік компанияның қаржылық қолдауымен іске асырылатын «Жарқыра» бағдарламасының әлеуметтік жобалар байқауына көру және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған орталықты ашудың бизнес-жоспарын ұсынған.

«Бұл байқаудан 4 млн 200 мың теңгенің грантын ұтып алдым. Грант қаржысын орталыққа қажетті жабдықтар, әдістемелік және дидактикалық материалдар сатып алуға жұмсадым», - дейді Сайрагүл Зайдолла. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі 273 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар