Атырауда есірткі үшін жауапқа тартылғандардың 60 пайызы – жергілікті тұрғындар

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері есірткіге қатысты 146 құқық бұзушылық анықталған. Осыған байланысты 60 адам жауапқа тартылған. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, биыл есірткі таратуға қатысы бар адамдар саны артқан. Есірткіге тәуелділердің қатары азаймай отыр. 

наркотики, есірткі, психотроп
Фото: Canva

«Биыл облыс аумағында есірткімен байланысты 146 құқық бұзушылық анықталып, 60 адам жауапкершілікке тартылды. Олар – 16-35 жас аралығындағы буынның өкілдері. Бұл адамдардың 60 пайызы – жергілікті тұрғындар. «Кибер-қадағалау» бағдарламасы арқылы есірткіні жарнамалайтын 150 сайт анықталып, бұғатталды. Есірткі жарнамасы бар 100-ден астам граффити жойылды. Полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 252 келі түрлі есірткі заттарын тәркіледі», - дейді Жасұлан Бисембиев. 

Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, жастар мен жасөспірімдер арасында түрлі алдын алу шарасы өткізілген. Арнайы дайындалған роликтер мен деректі фильмдер көрсетілген.

«Дегенмен, әлі де нәтижелі жұмыстарды атқаруымыз қажет. Бұл мәселенің екі тарабы бар – таратушылар мен тұтынушылар. Егер бірінші тараппен мемлекет белсенді күрес жүргізіп жатса, екінші тарапты түзеу ісіне қоғамның атсалысуы аса маңызды. Қазір бізге айқын болып отырғаны – мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар бірлесе жұмыс атқарып, есірткіге қарсы тұрақты қоғамдық иммунитет қалыптастыруы қажет», - деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ер адамнан марихуананың 60 дозасы тәркіленгенін жазған едік. 

Кейін тағы бір күдіктіден 200 доза синтетикалық есірткі тәркіленді. 

Соңғы жаңалықтар