Атырауда газға қосылмаған 30 пәтер 600 млн теңгеге сатып алынған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында құрылыс саласына бюджет қаражатын жұмсау кезінде екі заңбұзушылық анықталды. Құрманғазы ауданында 600 млн теңгеге сатып алынған 30 пәтер газ желісіне қосылмағаны анықталса, Қызылқоға ауданында орындалмаған жұмыстар үшін мердігерге 900 мың теңге аударылған.
Атырау облысының прокуратурасының мәліметінше, бірінші жағдай Құрманғазы ауданында болған. 2024 жылы аудандық құрылыс бөлімі Құрманғазы ауылынан 30 пәтерді 600 млн теңгеге сатып алған. Алайда сатып алынған үйлердің газ желілеріне қосылмағаны анықталған.
- Бөлім басшысы бұл туралы сатып алу өткізілгенге дейін-ақ білген, бірақ тендерді бәрібір жекелеген кәсіпкерлердің пайдасына ұйымдастырған, - деп хабарлады облыс прокуратурасы.
Екінші жағдай Қызылқоға ауданында анықталған. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы мердігерге нақты орындалмаған жұмыс үшін 900 мың теңге аударған.
Аталған екі жағдай бойынша кінәлі лауазымды тұлғалардың әрекеті Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралған.
Нәтижесінде Құрманғазы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылды. Ал Қызылқоға ауданындағы құрылыс бөлімінің басшысына қызметке толық сай еместігі туралы ескерту жарияланды.
Прокуратураның хабарлауынша, өңірде осындай бұзушылықтарға жол берген тағы үш лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
Бұған дейін екі рет виза ала алмаған қытайлық инвесторға прокуратура көмектескенін жазған едік.