Атырауда ит өлекселері көмусіз қалған: әкімдік түсініктеме берді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының аумағында иттердің өлекселері көмілмеген күйі қазылған шұңқырда жатқаны туралы бейнежазба көптің алаңдаушылығын туғызды. Бейнежазба авторының айтуынша, жануарлардың өлексесі мал қорымының маңында жатыр.
Белсенді Лунара Мақсұтова қала әкімдігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты бөлімге бұған дейін өтініш жолдағанын, алайда әлі күнге дейін жауап алмағанын айтады.
Сондай-ақ жануарлардың өлексесін көмуге кім рұқсат бергені, өтініштен кейін қандай тексеру жүргізілгені және ветеринария қызметі өлекселерге зерттеу жасаған-жасамағаны туралы сұрақтар көтерілген.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қатысты қала әкімдігі түсініктеме берді.
Ресми мәліметке сәйкес, өлекселерді аумаққа кім әкеліп төккені әзірге белгісіз.
- Аталған аумақ тазартылып, тиісті шаралар қабылданды. Анықталған кемшіліктер назарға алынып, мәселе бақылауға алынды,-деп хабарлады Атырау қаласының әкімдігі.
Бір қызығы, қазіргі уақытта қала билігі тарапынан облыс орталығында бұралқы иттерді аулау жұмысы тоқтап тұр.
Шілде айында қалалық әкімдік жыл соңына дейін 1100 итті аулауға мүмкіндік беретін тендерді қорытындылап, келісімшарт жасайтынын мәлімдеген еді.
- Қазір иттерді аулау бойынша жаңа конкурс ұйымдастырылу үстінде. Конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізіледі,-деп толықтырды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске салайық, қалалық әкімдік бұралқы иттерді аулау және жою жұмысына биыл наурызда кірісті. Мамыр айына дейін 3 мыңға жуық ит ауланды.