Атырауда тағдыры қиын 200-ге жуық кәмелетке толмаған бала бар
Биыл Атырау қаласы әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда 200-ге жуық баланың мәселесіне талдау жүргізілген. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылар да, ата-анасынан мейірім көрмегендер мен панасыз қалғандар бар, деп хабарлайды Kazinform.
Қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Нұржан Ермұхановтың айтуынша, ай сайын екі мәрте отырыс өткізілген. Комиссияда әр баланың тағдыры жете зерттеліп, заң аясында шешім қабылданған.
«Әр комиссияның ұстанатын бағыты бар. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның басты міндеті – балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Алайда, комиссия отырысында мәселесі қаралған 200-ге жуықы баланың кейбірінің тағдыры ерекше толғандырады. Өйткені, балалардың бірі құқыққа қарсы әрекетке барса, өзгесі ата-анасының мейірімін сезіне алмаған. Тіпті, панасыз қалып, жәутеңдеген баланың аянышты тағдыры ойлантады», - дейді Нұржан Ермұханов.
Оның айтуынша, комиссияның қарауына ұсынылған басты мәселенің бірі – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі. Өйткені, ата-аналардың тарапынан балаларын мектепке себепсіз жібермей, сөйтіп, білім алу құқығын шектейтіндер бар. Кейбір ата-ана алкогольді ішімдікке тәуелді болған.
«Осындай немқұрайлы көзқарастан балалар өз үйінде қамқорлықты сезіне алмай, керісінше зәбір көреді. Тіпті, соққының құрбанына айналып жататын жайт жиі кездеседі. Қатыгез әке ес-түссіз мас күйінде тоғыз айлық қызының қолын сындырған. Балаларының анасын далаға қуып жіберген. Бұл – алаңдататын жайт», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірге бала тәрбиесіне байланысты міндетін орындамайтын ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізілген. Алайда, заңға сәйкес тиісті шарасы алынғанымен, одан нәтиже шығармайтындар бар. Сол себептен, комиссия отырысында ата-ана құқығынан шектеу мәселесі көп қаралған.
«Әрине, ана мен баланы бір-бірінен айыру оңай емес. Бірақ, баланың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамға баруға тура келеді. Өйткені, балаларды түрлі оқыс жағдайдан қорғау, оның ішінде суицидтің алдын алу үшін осындай шешім қабылданды. Мақсат – балаларды мейірімсіз ата-ананың қолында қалдырмай, мемлекет қарауына алу», - деп түсіндірді Нұржан Ермұханов.
Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, комиссияда тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де талқыланады. Комиссия мүшелері бақылауда тұрған отбасылардың тұрғылықты мекенжайына барып, балалардың жағдайымен жете танысқан. Содан кейін 40-тан астам отбасы тұрмысқа қажетті заттармен, азық-түлікпен, балаларға арналған киім-кешекпен қамтылған.
«Көпбаласы бар бір отбасының жағдайы туралы айтайын. Балалардың әкесі денсаулық жағдайына байланысты жұмыссыз қалған. Оның 16 жасар қызының мүгедектігі бар. Жалдап тұрған пәтеріне төлейтін қаржысы болмады. Сол себептен, бірнеше ай бойы оған пәтер ақысын төлеуге көмек берілді. Мектеп жасындағы 3 баласы ата-анасының өтініші негізінде Бесікті мектеп-интернатына орналастырылды», - деді ол.
Ал, 2 жасөспірім баласы бар әйелдің тұрғылықты баспанасы болмаған. Сондықтан, тұрақты жұмыс тауып, жағдайы реттелгенше тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесіне уақытша орналастырылған.
«Комиссияда ата-анасының тәрбиесіне көнбейтін 15 жасар жасөспірімнің мәселесі қаралды. Жасөспірім қаңғыбастыққа салынып, сабақтан жиі қалады. Полиция қызметкерлерінің ұсынысымен оны Ақтау қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастыру мәселесі туындады. Алайда, комиссияның талқысынан кейін жасөспірімге тағы бір мүмкіндік беруге ұйғарым жасалды. Сөйтіп, комиссияның ұйғаруымен жасөспірімге «Шанс» кәмелетке толмағандарды психологиялық-әлеуметтік қолдау орталығында психологиялық кеңес беру, спорттық үйірмелерге қатыстыру, полицияның үнемі бақылауына алу мәселесі шешімін тапты. Қазір жасөспірімнің тәртібі жақсарып, сабақтан қалмайтын болды. Спортпен шұғылданып жүр», - деп мәлім етті Нұржан Ермұханов.