Атырауда қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін: ТЖД ескерту жасады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында 3-4 қазанда ауа райының қолайсыздығы күтіледі. Бұл туралы Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті ескертті.

Атырауда қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін:
Фото: freepik

ТЖД мәліметінше, өңірде 3-4 қазанда жаңбыр, кей жерлерде қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін. Сонымен қатар ауа температурасы төмендеп, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді деген болжам бар.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, жолдарда абай болуға және ауа райының қолайсыздығын ескеруге шақырды.

— Тұрғындардан аса қажеттілік болмаса алыс жолға шықпауға, көлік жүргізу кезінде жылдамдықты сақтап, талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Ауа-райы туралы ескертулерді назардан тыс қалдырмай, қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар, — деді ТЖД өкілі Нұрсәт Хаберов.

Бұған дейін Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметі қосымша күш пен техниканы әзірлегенін жазған едік.