Атырауда қарашада қысқы маусымда жол себетін 400 тонна тұз жеткізіледі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласына қарашада қысқы маусымда жолға себетін 400 тонна тұз қажет. Тұзды қарашада Индер ауданынан жеткізу көзделіп отыр.
«Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтелеуовтің айтуынша, соңғы екі жылда қардың көп мөлшерде жауғаны байқалған.
«Осыған байланысты қысқы маусымға әзірлікті ерте бастадық. Қазір кәсіпорында 800 адам жұмыс істейді. Баланста 80-нен астам түрлі көлік бар. Оның ішінде жол тазалайтын, жүк тиейтін, қар жинайтын арнайы 46 техника дайын тұр. Осы кезге дейін 300 текше метр тұз араластырылған топырақ әзірленді. Енді қарашада Индер ауданынан өндірілген 400 тонна тұзды жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, ерте жеткізер болсақ, ауа райының құбылуына байланысты қатып қалуы мүмкін», -дейді Алмас Ізтелеуов.
Оның дерегіне қарағанда, күн сайын қаладағы тазалық жұмысына 90-ға жуық техника шығарылады. Оның ішінде қоқыс жинайтын 25 көлік бар. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан 1 мың қоқыс жәшігі сатып алынған. Қазір шаһар көшелеріндегі арнайы орынға 560 қоқыс жәшігі қойылған.
«Қысқы маусымға әзірлік кезінде жанар-жағармайдың қорын жасақтадық. Егер қар көп жауып, біздің күшіміз жетпейтін болса, ірі кәсіпорындардың көмегіне жүгінеміз», - деп мәлім етті Алмас Ізтелеуов.
Атырау қалалық полиция басқармасы жол және техникалық инспекция тобының мемлекеттік автоинспекторы Нұрсұлтан Құрақбайдың айтуынша, қазір коммуналдық мекеменің техникалары тексеріліп жатыр.
«Қысқы маусымға әзірлік кезінде арнайы техникаларды тексеруді бастадық. Бұл жұмыс 15 қарашаға дейін жалғасады. Тексеру кезінде анықталған кемшіліктер бар. Кәсіпорын басшылары мен мамандары техникалардағы олқылықтарды түзеп, реттеуге кірісті», - дейді Нұрсұлтан Құрақбай.
Ал, Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұралы Әбишанның мәліметіне сүйенсек, өңірдегі тас жолдың ұзындығы 6500 шақырымды құрайды. Оның оның ішінде 1125 шақырымына республикалық, ал, 1911 шақырымына облыстық маңыз берілген.
«Өңірде автомобиль жолдарын күтіп ұстау және қыс мезгіліне дайындау үшін 123 арнайы техника, 761 тонна жанар-жағармай, 1500 тонна инерттік материал жинақталды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмысы мердігер мекемелерге тапсырылды. Қазір қысқы дайындау үшін облыстық маңызы бар автомобиль жолының жиегіндегі шөпті шабу, шұңқырларды бітеу, жол белгілерін жаңарту жүргізіліп жатыр. Күн күрт құбылып, қолайсыздық туындайтын болса, облыстық және аудандық маңызы бар, қала және елді мекендердегі автомобиль жолдарында қозғалысты шектеу кезіндегі өзара іс-қимыл бойынша тиісті мекемелермен жол картасы жасақталып, бекітілді», - дейді Нұралы Әбишан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Серік Шәпкенов «Атырау-Индер» тас жолының сапасына көңілі толмайтынын айтқанын.