Атырауда кәсіпкерлер қандай кедергіге жиі кезігеді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтіру азаймай отыр. Шағын және орта бизнес өкілдері қандай кедергіге жиі тап болып жүр?

кәсіпкер құқығы
Фото: Kazinform

Жеке кәсіпкер Әсел Есениязованың Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында бірнеше кәсіпкерлік нысаны бар.

Оның айтуынша, былтырдан бері бір топ адам оның бизнесіне кедергі келтіріп жүр. Кәсіпкер бұл туралы тиісті органдарға шағым түсірген.

— Бейбарыс ауылында мейрамхана, шағын маркет аштым. Балалар алаңы бар. Былтырдан бері менің жұмысыма кедергі келтіру жалғасып келеді. Бір топ адам үнемі менің кәсібімнен кез келген бұзушылықты іздейді. Тұтынушы атын жамылып, жарамдылық мерзімін, тауардың бағасын, нысандар орналасқан аумақта темекі тұқылының бар-жоғын тексереді. Болмашы заңбұзушылық болса, полиция шақырып, маған айыппұл салуға мәжбүрлейді. Олар менің аты-жөнімді, бизнесімді жамандап, әлеуметтік желілерде әшкерелеп отыр. Нәтижесінде былтырдан бері олармен соттасып келемін. Жақында сот менің пайдама шешім шығарды. Алайда әлгі топтағы адамдардың шабуылы мұнымен тоқтап қалмады. Олар жақында мейрамханаға, шағын маркетке келіп, мені айыптау үшін тағы да себеп іздеді. Енді қалай жұмыс істеуім керек? Өзімді және бизнесімді қалай қорғауға болады? — дейді Әсел Есениязова.

кәсіпкер
Фото: Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Атырау облысы бойынша департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы Қасымхан Мырзатаевтың айтуынша, меморгандар тарапынан кәсіпкерлер қызметіне кері әсерін тигізетін бұзушылық жиі кездеседі. 

— Мемлекеттік органдар біріншіден, тексерулерді қалыптастыру және тіркеу мерзімін сақтамайды. Екіншіден, кәсіпкерлерден қызметтік ақпаратты сұратады. Үшіншіден, лауазымды тұлғалар кәсіпкерлік нысанына тексеру актісін бермей келеді. Мұндай фактілер кәсіпкерлік қызметке кері әсерін тигізіп отыр. Биыл жыл басынан бері 1763 тексеру тіркелді. Оның ішінде 874 дерек жеке кәсіпкерлерді тексеруге қатысты болып отыр. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында 3 тексеруге тосқауыл қойылып, 83-інің күшін жойды. Тіркеуден бас тарту арқылы 44 тексеру жүргізуге жол берілмеді. Ал қалыптастыру кезіндегі 50-ден астам чек қайта қарауға жіберілді. Департаменттің қабылдаған шараларының нәтижесінде 21 лауазымды тұлға тәртіптік, 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді Қасымхан Мырзатаев.

Құқығы бұзылған кәсіпкерлер «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы тексерулер туралы ақпарат алуына болады. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетіне қатысты шағым бере алады.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиев тек адал кәсіпкерлердің мүддесі мен құқығы қорғалатынын айтады.

антикор
Фото: Антикор

Ал жосықсыз деп танылған кәсіпкерлер заңға қарсы әрекеті үшін жауап береді.

— Атырау облысында «Бизнеске жол» жобасы басталғаннан бері 4,5 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлердің қызметіне байланысты жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден астам берешек өтелді. Анықталған бұзушылықтарға қатысты 18 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Біз кәсіпкерлермен жиі кездесу өткізіп, әкімшілік кедергілер немесе шенеуніктер тарапынан заңсыз әрекеттерді анықтаймыз. Осы орайда «Бизнеске жол» жобасы — кәсіпкерлерді қолдау мен қорғаудың сенімді тетігі. Адал бизнеске кедергі келтіретін кез келген мәселе назарымыздан тыс қалмайды, — деді Ерұлан Серікқалиев.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша департаментінің сектор меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, жеке кәсіп иелерінің құқығын қорғау алгоритмі бекітілген.

Соған сәйкес биыл Антикор қызметкерімен бірге бизнестің 121,6 млрд теңгеге мүліктік құқығы қорғалған. 

кәсіпкер
Фото: Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

— Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіру үшін қорқыту дерегі бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Шағын және орта бизнес өкілдерін блогер немесе қоғам белсенділері арқылы қорқытатындар бар. Осы орайда полицейлердің әрекеті қаншалықты заңды? Бұл мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр, — дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Биғамбаев полиция қызметкерлері әр өтінішке жауап беруге тиіс екенін жеткізді. Бұл — олардың қызметтің міндеті. 

— Тәртіп сақшылары өздігінен кәсіпкерлердің құқығын бұзуға бармайды. Шақыртуға барған полицейлер мәселені зерделеуге тырысады. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлік нысандардың иелері шағым түсіруге құқылы екенін білуі керек, деп мәлім Ерлан Биғамбаев. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол апатының көбеюіне не себеп болатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар