Атырауда кәсіпорын жағымсыз иіс үшін 1 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда серіктестікке медициналық қалдықтарды жою пешінен шыққан жағымсыз иіс үшін 923 мың теңге айыппұл салынды. Енді оның жұмысы тоқтатылуы мүмкін.

түтін
Фото: Pexels

Атырау облыстық экология департаментіне 22 мамырда жергілікті тұрғын шағым түсірген. Оның шағымында 6 және 19 мамырда жағымсыз иіс шыққаны айтылған. 

«Біздің департаментке жүгінген жергілікті азамат А.Қ. Атырау қаласындағы „Самал“ шағын ауданы мен Сарыөзек ауылында жағымсыз иіс байқалғанын айтып шағымданды. Жағымсыз иіс Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы аймағында орналасқан „Атаким“ ЖШС-нің медициналық қалдықтарды жою пешінен шыққан. Осыған орай департамент мамандары аталған серіктестіктің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру кезінде экологиялық заң бұзушылықтар анықталды. Соған байланысты серіктестікке әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 923 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, департамент басшылығы Атырау облысының мамандандырылған экономикалық ауданаралық сотына «Атаким» ЖШС-нің қызметін тоқтата тұру туралы талап-арыз жолдады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ауаны ластайтын қалдықтардың басым бөлігі 4 компанияның үлесіне тиесілі екенін жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ, Атырау облысында қоқыс полигонын жоймаған 30 әкімге айыппұл салынған еді.