Атырауда қазандықтағы жарылыстан зардап шеккен ер адамның жағдайы ауыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының «Авангард-2» ықшамауданында қазандықта болған жарылыстан зардап шеккен 53 жастағы ер адамның жағдайы ауыр. Бұл туралы облыстық аурухана өкілдері мәлімдеді.

Атырауда қазандықтағы жарылыстан зардап шеккен ер адамның жағдайы ауыр
Фото: видеодан алынған скрин

Оқиға бүгін таңертең үш қабатты ғимаратқа жапсарлас орналасқан қазандықта болған. Газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйдің терезелері мен екі жеңіл көлік зақымданған еді. 

Зардап шеккен ер адам сағат 11:00 шамасында Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне жеткізілген.

- Науқастың диагнозы – аралас жарақат, беті мен жоғарғы аяқ-қолдарының күйігі және ауыр ашық бас-ми жарақаты. Қазір ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Жағдайы ауыр, дегенмен тұрақты. Барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр, – деді Атырау облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Еркін Ербөлеков.

Атырау қаласының әкімдігі оқиғаға орнына шаһар басшысының орынбасары оқиға орнына барып, жағдаймен толық танысқан.

- Ғимарат иесі келтірілген шығынды толық өтейді. Қазір зақымданған терезелердің өлшемдері алынып, оларды қалпына келтіру жұмысы екі мердігер мекеме тарапынан жүргізілетін болады, - деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тиісті тексерісті бастап кеткен.

Бұған дейін Ақтөбеде Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында жұмысшысы қаза тапқанын жазған едік.