Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодар билігі трамвай паркін жаңартуға 48,9 млрд теңге бағыттамақшы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласы трамвай паркін ауқымды түрде жаңартуды жоспарлап отыр. Шаһар қаржылық лизинг арқылы Беларусь өндірісінен шыққан «БКМ Т811» модельді 65 жаңа трамвай сатып алуды көздеп отыр.

трамвай
Фото: Валерий Бугаев

Жобаны жүзеге асыруға жалпы сомасы 48,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат жеті жыл бойы бөлініп төленеді. 

Жаңа трамвайларға байланысты мемлекеттік сатып алуды Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жариялады. Өтінімдерді қабылдау 14 тамызда басталып, бір аптаға созылады.

Техникалық ерекшеліктеріне сүйенсек, бір вагонның құны қосылған құн салығынсыз 490 млн теңгені құрайды. 65 трамвайдың жалпы құны 31,85 млрд теңгеге бағаланса, лизинг шартнамасы бойынша сыйақы мөлшері 17,065 млрд теңгені құрайды.

Лизинг мерзімі 84 айға (7 жыл) есептелген, ал негізгі қарызды өтеу 2027 жылдың қараша айынан басталады. Келісімшарт қазынашылық органдарында тіркелгеннен кейін барлық трамвай 365 күн ішінде жеткізілуі тиіс. Дейтұрғанмен мерзімінен бұрын жеткізуге де рұқсат берілген.

Жаңа вагондар төмен еденді, сыйымдылығы 120 жолаушыға арналған және автономды жүріс жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар олар мүмкіндігі шектеулі жандардың қатынай алуына толық бейімделген. Кепілдік мерзімі әрбір трамвай үшін екі жылды немесе 140 мың шақырым жүрісті құрайды.

Еске сала кетейік биыл Павлодарға жаңа трамвайлар жеткізілді.

Ал сәуір айында Павлодар трамвай паркі облыстың коммуналдық меншігіне өтті