Атырауда қоғам белсендісі 625 млн теңгеге жүргізілген рекультивацияға күмән келтірді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Құлсары маңындағы 2,1 гектар жерді рекультивациялауға шамамен 625 млн теңге жұмсалған. Әкімдік жұмыстың 100 пайыз аяқталғанын айтса, қоғам белсендісі жердің 40–50 сантиметр тереңдігінен мұнай қалдығына ұқсас қара материал шыққанын мәлімдеді.

Атырауда қоғам белсендісі 625 млн теңгеге жүргізілген рекультивацияға күмән келтірді
Фото: Видеодан скрин

Жауылбай бейіті маңындағы бұл аумақтың тарихы бірнеше жылға созылған. Әкімдіктің мәліметінше, 2014 жылы Құлсары қаласы әкімінің шешімімен жер телімі «SatTranseService» ЖШС-не қалдықтарды кәдеге жарату және мұнай қалдықтарын орналастыру полигоны үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген. Кейін аумақ мұнай қалдықтарымен ластанған. Компанияға бүлінген жерді қалпына келтіру міндеті жүктелгенімен, рекультивация жүргізілмеген. Осыған байланысты жерді қалпына келтіруді мәжбүрлеп жасату үшін сотқа талап арыз беріліп, сот талапты қанағаттандырған. Бірақ сот шешімі де орындалмаған.

2023 жылы Жылыой аудандық прокуратурасы бүлінген жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып, Жол картасы аясында тазалау жұмыстарын жүргізуді ұсынған. Осыдан кейін жер телімі мемлекет қарамағына қайтарылып, рекультивация мәселесі жергілікті атқарушы органдарға өткен.

Экологиялық проблема төтенше жағдай деңгейіне жеткен

Жауылбайдағы мәселе облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешуге арналған жол картасына енгізілген. 2024 жылы облыстық қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі комиссия отырысында жергілікті атқарушы органға рекультивация жұмыстарын жүргізу жүктелген. Ал 2025 жылғы 20 наурызда Құлсары қаласында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Рекультивация үшін арнайы жоба әзірленіп, оған сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Кейін мердігер ұйымдардан коммерциялық ұсыныстар жиналып, әкімдік мәліметінше, бюджеттік қаражатты үнемдеу мақсатында «SIGMA Строй Проект» ЖШС-нің ұсынысы қабылданған. Компаниямен 2025 жылғы 19 мамырда келісімшарт жасалып, жұмыстар шілде айында басталған.

Жоба бойынша ластанған топырақты жаңа грунтпен араластыру, оны қопсыту және химиялық реагент қолдану қарастырылған.

Жердің астында не бар?

Жылыой ауданының тұрғыны, қоғам белсендісі Бекет Құлбаев рекультивация жүргізілген аумаққа барып, жердің жағдайын өз көзімен тексерген. Ол топырақты шамамен 40–50 сантиметр тереңдікке дейін қазғанда қара түсті, өткір иісі бар материал шыққанын айтады. 

— 40–50 сантиметр тереңдікті қазғанда қара түсті, өткір иісі бар материал көрінді. Оның мұнай қалдығы немесе басқа зат екенін зертхана анықтауы керек, — деп пікір білдірді белсенді Бекет Құлбаев.

Ол белсенді аумақта талдардың егілгенін де көрсетті.

— Аумақ қоршалған, ағаштар отырғызылған. Талды жәй ғана қадап кеткен деуге болады. Қазір олар қурап жатыр, — дейді Бекет Құлбаев.

Әкімдік: Жұмыс 100 пайыз аяқталды

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова белсендінің пікірімен жергілікті атқарушы органның келіспейтінін айтты. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бұл учаскеде жұмыс толық аяқталған.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова
Фото: gov.kz

— Қазіргі таңда жоба аясында рекультивациялау жұмыстары толықтай аяқталып, лабораториялық сараптаманың оң қорытындысы алынды, — деп хабарлады аудан әкімдігі.

Рекультивация жобасы аясында топырақтың астыңғы қабатының мұнай қалдығына ұқсауы қаншалықты қалыпты? Бұл жұмыстың кепілдік мерзімі бар ма? Бұл сұрақтар жергілікті атқарушы органға қойылғанмен, жауап берілмеді.

Бұған дейін Атырауда қоғам белсенділері «Теңізшевройл» компаниясына жүктелген көгалдандыру жұмысын сынағанын жазған едік.