Атырауда көлік қаққан 59 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 59 жастағы әйелді көлік қағып кетті. Жаяу жүргінші оқиға орнында мерт болды.

Жол апаты
Коллаж: Kazinform

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған ақпаратқа сүйенсек, жол-көлік оқиғасы бүгін, 6 желтоқсанда болған. 

«Бүгін таңғы сағат 07:00 шамасында Атырау қаласының «Сарықамыс» шағын ауданындағы Тұран көшесінің бойында Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 59 жастағы әйел оқиға орнында қаза тапты», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Белгілі болғандай, әйел жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан. Оны қаққан жүргізуші баяу жылдамдықпен келе жатқанын мәлімдеген. Қазі аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр. 

«Жүргізушілерге ауа райының қолайсыздығына, жолдың тайғақ болуына байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеміз. Тәуліктің барлық мезгілінде, әсіресе, таңғы және кешкі уақытта сақ болған жөн», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жеңіл көлік аударылып, жүргізуші оқиға орнында мерт болғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар