Атырауда көпбалалы ана тұрғын үй кезегін сот арқылы қалпына келтірді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында көпбала ананы тұрғын үй кезегінен негізсіз алып тастаған. Құқығы бұзылған әйел сотқа жүгінді.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ақпаратына сүйенсек, көпбалалы ана тұрғын үй кезегiн қалпына келтіру үшін шағымданған.
«Талап қоюшы А. «Жылыой ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өзін тұрғын үйге кезегінен алып тастау әрекетін даулады. Жалғыз басты ананың асырауында кәмелетке толмаған 5 баласы бары және үй жалдап тұратыны анықталды.
ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы Заңының 73 бабының 5) тармақшасына сәйкес, тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарылып тастауға жатпайды. Істі қарау барысында тараптар судьямен жүргізілген медиациялық келісімге келді. Медиациялық келісімнің шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшының тұрғын үйге кезегін бір ай ішінде қалпына келтіруге міндеттенді», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісім бекітілді. Келісімді орындамаудың салдары қандай болатыны тараптарға түсіндірілді.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғандардан 690 млн теңге өндірілгенін жазған едік.