Атырауда көпқабатты 45 үйді жөндеуге және 67 лифтіні ауыстыруға 3,7 млрд теңге қажет
АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырауда лифт құлаған тұрғын үй кешенінде жалпы 7 жеделсатының орнына жаңасы керек. Бұл жұмысқа 122 миллион теңгеден аса қаржы қажет. Құлап түстен жеделсаты бұған дейін 2014 жылы ауыстырылған.
«Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінде болған жағдайдан кейін атыраулықтар бірқатар үйдегі жеделсатыны ауыстыру керектігі туралы пікір білдіріп жатыр. Әсіресе көпшілікті Алмагүл, Береке, Нұрсая, Сарыарқа ықшамаудандарынан бөлек Берқайыр Аманшина, Бақтыгерей Құлманов, Бинеш Жарбосынов, Қаныш Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердегі лифттің жағдайы алаңдатады.
— Бір лифтінің құны 20 млн теңгеден асады. Бұл қаржыны бір подъездегі бірнеше пәтерге бөлсек, жүздеген мың теңгеден келеді. Барлығының бірдей қомақты ақшаны санап беруге жағдайы жетпейді. Сондықтан бұрынғыдай ай сайын бөліп тұруға мүмкіндік жасалып, жаңасына ауыстырылса деген ұсыныс бар. Өйткені, пайдаланылғанына 20 жылға жуық уақыт болған жеделсатылар адам өміріне қауіпті. Қайғылы оқиғаның алдын алу керек деп есептейміз, - деп пікір білдірді Алмагүл ықшамауданының тұрғындары.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, көпқабатты тұрғын үйдегі жеделсаты ортақ мүлік болып саналады. Сондықтан оны күтіп-ұстау — сол тұрғын үйдегі меншік иелерінің ортақ міндеті.
— Жеделсатыға техникалық қызмет көрсететін ұйымды тұрғындардың өздері таңдауға құқығы бар. Тиісті қызмет көрсетуші ұйыммен келісімшартты да тұрғын үйдің меншік иелері жасайды. Қала әкімдігі жеделсатыға техникалық қызмет көрсететін ұйым ретінде бұл міндетті тікелей атқармайды, — деп хабарлады қалалық әкімдік.
Қазіргі уақытта тұрғындардың өтініштері негізінде ауыстыруды қажет ететін 67 жеделсаты анықталған. Олар Алмагүл, Авангард-2 ықшамауданында, Құлманов, Канцева, Сатбаев, Тайманов, Жарбосынова, Аманшина, М.Маметова, Р.Габдиев, Ақжарма көшелеріндегі үйлерде орналасқан.
Бұл мәселе Атырауда жыл басында да көтерілген еді. Сол кезде аймақ басшысының орынбасары орынбасары Қайрат Нұртаев республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеген жағдайда қаржы жергілікті бюджеттен қаралып, жеделсатылар ауыстырылатынын айтқан еді. Өйткені, 2025 жылы жеделсатыларды ауыстыру және үйлерді жаңғырту жұмысына қажетті қаржы респбуликалық бюджеттен бөлінбей қалды.
Әзірге облыс бюджетінен аталған мәселені шешуге қаржы қарастырылмаған. Бөлінбейтін де сынды. Өйткені, облыс әкімдігі қолданыстағы бюджет заңнамасына сүйеніп, жергілікті атқарушы орган мемлекеттік мекеменің теңгеріміндегі көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға, лифтілерін ауыстыруға және күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөле алмайтынын мәлімдеді.
— Бұл мәселелерді шешу үшін тұрғын үй қорын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізу және лифтілерді ауыстыру тетігі қарастырылған. Жұмысты қаржыландыру қайтарымды негізде жүзеге асырылады. Аталған шараларға қаражат тиісті мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінеді, ал жергілікті бюджеттен қайтарымсыз қаржы беру көзделмеген. Сонымен қатар, 2026–2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне жалпы сомасы 3,738 млрд теңгені құрайтын 112 жобаға қаржы бөлу туралы бюджеттік өтінім жолданған. Оның ішінде 45 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу және 67 лифтіні ауыстыру жобасы бар, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінде бұл тақырып ашық күйінде тұр. Себебі, әлі күнге республикалық бюджеттен де қаржы қаралмай отыр.
Айта кетейік, ел бойынша тұрғын үй қорында 37 918 лифт бар. Оның ішінде 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан 3 797 лифт тіркелді, ал техникалық қызмет көрсету аясында 1 924 жеделсаты күрделі жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ 922 лифт апатты жағдайда тұр.