Атырауда көпірлердегі техникалық ақауды ерте анықтау үшін диагностика жүргізіледі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы жолдарда 94 көпір бар. Ең көбі әрі ескісі 1970 жылдары республикалық маңызы бар жолда салынған.

Атырауда көпірлердегі техникалық ақауды ерте анықтау үшін диагностика жүргізіледі
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Аслан Дүйсеновтің айтуынша, жол үстіне салынған көпірлердің техникалық ақауын ерте анықтау үшін диагностика жүргізу көзделіп отыр.

– Жол – көлік қатынасын реттейтін басты стратегиялық нысан. Оның сапасын саралап, әсіресе көпірлердегі болуы мүмкін техникалық ақауларды ерте анықтауды қолға аламыз. Осыған орай қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көліктердің үздіксіз қозғалысына мүмкіндік беру үшін көпірлерге диагностика жүргізіледі, - дейді Аслан Дүйсенов. 

Оның мәліметіне сүйенсек, Атырау облысының аумағындағы республикалық маңызға ие жолдарда 57 көпір бар. Оның ішінде 30 көпір Атырау қаласынан Ресей шекарасына дейінгі жол бөлігінде орналасқан. Көпірдің ең ескісі 1970 жылдары пайдалануға берілген. 

– Аталған жолды жөндеу жұмыстарының нәтижесінде көпірдің бәрі қайта жаңғыртылды. Атыраудан Орал қаласына дейін қатынайтын тас жолдағы 19 көпір 2005 жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Ал Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай Өтес-Ақтау жолындағы 8 көпірге 2008 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, - деп мәлім етті Аслан Дүйсенов. 

Филилал директорының дерегіне қарағанда, облыстық маңызы бар жолда 26, аудандық деңгейдегі жолда 11 көпір бар. 

– Енді диагностика кезінде көпірлердің жол жабындысының беріктігі мен тегістігі, геометриялық жағдайы тексеріледі. Ілінісу коэффициенті мен көлік ағынының қарқыны, жолдағы сызаттар анықталады. Көпір сапасына талдау жасау, жөндеу жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру, күтіп ұстау, жөндеумен айналысатын кәсіпорындарды қаржыландыру, жол құрылысының жай-күйі бағаланады. Мұндай диагностика көпірлердің тозығы жеткен элементтерін дер кезінде ауыстыруға мүмкіндік береді, - дейді Аслан Дүйсенов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Мұқыр-Құлсары» жолын жөндеуге цифрлық теңге пайдаланылатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар