Атырауда механизатор мен шаруа қожалық жетекшілері мемлекеттік наградамен марапатталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай бір топ адам мемлекеттік наградаға ие болды. Олардың арасында еңбек ардагері, механизатор мен шаруа қожалығының жетекшілері бар.

марапат
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, тұрғындарды сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуға үлес қосып жүрген сала өкілдерін қолдау жалғаса береді. 

«Елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту басым бағыттардың бірі болып отыр. Өйткені, бұл сала – ел халқының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін ел экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Сала қызметкерлері кең байтақ Отанымыз бен әр өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сарқылмайтын еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсетіп келеді», - деді Серік Шәпкенов.

Президент Жарлығымен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен еңбек ардагері Елемес Абдошев марапатталды. «Құрмет» орденіне «Нұрлы дала» шаруа қожалығының жетекшісі Мұратай Сарманов, ал, «Ерен еңбегі үшін» медаліне «Ащысай» және «Жан» шаруа қожалықтарының жетекшілері Бақтығали Жиенқұлов пен Жұмажан Жакин, «Дастан» шаруа қожалығының механизаторы Ғарифолла Мұстафин ие болды. 

Сондай-ақ, Жылыой ауданындағы Жем ауылдық округінің әкімі Нұртас Қуатбаев, «Талапкер», «Алғаязов» шаруа қожалықтарының жетекшілері Қисметолла Жәрдемов пен Оразғали Алғаязов, Жылыой аудандық ветеринарлық стансасы директорының орынбасары Бақтыбай Нұржанов, «Нұрлы дала» агрофермасының қызметкері Ерлан Бисенғалиев «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды.

Тағы бір топ қызметкерге Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы тапсырылды. 
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері марапатталғаны хабарланған еді.