Атырауда миында сұйықтық көбейген 3 айлық сәбиге күрделі ота жасалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 3 айлық сәбидің миындағы сұйықтық қалыпты мөлшерден асып кеткен. Жергілікті хирург нәрестенің миына күрделі ота жасады.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, отаны облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі Шодер Арипов жасаған.
– Үш айлық сәбиге «Орталық жүйке жүйесінің даму ақауы: туа біткен ішкі окклюзиялық гидроцефалия» диагнозы қойылды. Гидроцефалия – ми қарыншаларында жиналған сұйықтықтың қалыпты мөлшерден асып кетуінен туындайтын ауыр ауру. Ішкі окклюзиялық гидроцефалия кезінде ликвордың (жұлын сұйықтығының) ағуы бұзылады. Соның салдарынан мидың кейбір бөліктеріне қысым түседі. Бұл уақытында емделмесе, болашақта ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Сол себептен сәбиге ликворошунттау отасы шұғыл жасалған. Бұл – жиналған сұйықтықты шығарып, ағуын қалпына келтіретін хирургиялық әдіс.
– Мұндай емдеу әдісі мидың ішіндегі қысымды төмендетеді. Науқастың жағдайын жақсартуға бағытталады. Балалар ауруханасындағы дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің нәтижесінде ота сәтті өтті. Қазір нәрестенің жағдайы жақсарды. Ол үйіне жіберілді, -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау дәрігерлері жүкті әйелге күрделі отаны тегін жасағанын хабарлаған едік.