Атырауда мопед жүргізушілерінің кесірінен 6 адам мерт болып, 70-і жарақат алған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кесірінен 148 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатының салдарынан 6 адам мкөз жұмып, 70 жолаушы ауруханаға жеткізілген.
Атырау қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Өсер Жәңгірханның айтуынша, мопед, скутер, электросамокат жүргізетін жастар көбейген.
«Алайда, олар жол қозғалысы ережелерін толық білмейтіндіктен, жол бойындағы апатты жағдай мен қайғылы оқиғаға себепкер болып жүреді. Мәселен, биыл жыл басынан бері Атырау қаласында мопед жүргізушілерінің кесірінен 148 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының салдарынан 70 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ал, 6 адам қаза тапты. Мопедті пайдаланатын 1587 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнаулы айып тұрағына 429 электрлі көлік құралы қойылды», - дейді Өсер Жәңгірхан.
Оның пікірінше, мопедті жүргізу кезінде қырағы болу қажет. Көліктің жылдамдығын, жол белгілері мен таңбалардың талаптарын қатаң сақтаған жөн. Сондай-ақ шлемсіз жүруге болмайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда полицейден ескерту алған жүргізуші 3 жолаушымен бірге жол апатынан көз жұмғанын хабарлаған едік.