Атырауда мопедпен көлікке соғылған 15 жасар жеткіншектің анасы айыппұл төледі

заң
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысыдағы Құлсары қаласында 15 жасар жасөспірім мопедпен көлікке соқтығысқан. Ұлының әрекеті үшін анасы айыппұл төледі.

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жасөспірімнің анасы Р.С-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 127-бабының 3-бөлігімен әкімшілік іс қаралды. 

«Р.С-ның кәмелетке толмаған 15 жасар ұлы Н.Л. биылғы мамыр айында Құлсары қаласында „Самурай“ мопедін жүргізуші куәлігінсіз жүргізіп, Toyota Camry маркалы көлігімен соқтығысқан. Анасының ұлын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан кәмелетке толмаған жасөспірімнің әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген. Р.С.-нің кінәсі іс құжаттарымен толық дәлелденді. Ол сотта кінәсін мойындап, ұлының әрекеті үшін кешірім сұрады», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот қаулысымен Р.С. жоғарыда көрсетілген баппен кінәлі деп танылды.

Оның жеке басы, жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай, құқық бұзушылықтың сипаты ескерілді.

Оған 51 688 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. 

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 17 жол оқиғасы болғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар