Атырауда мойнында 43 айыппұлы бар жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 2,7 млн теңге көлемінде өтелмеген айыппұлы бар жүргізушінің автокөлігі анықталды. Көлік арнайы тұраққа қойылды. 

Атырауда мойнында 43 айыппұлы бар жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды
Фото: Абай облысы ПД

Полиция департаментінің мәліметінше, 23 қыркүйек күні сағат 10:30 шамасында Мұса Баймұханов көшесі бойында Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы аталған көлікті анықтаған.

Автокөлікке қатысты 43 өтелмеген әкімшілік айыппұл болған. Ақпарат патрульдік полиция қызметкерлеріне жедел түрде жолданып, олар бағыттама бойынша көлікті тоқтатқан.

Құқық бұзушыға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Автокөлік арнаулы тұраққа қойылды.

Полиция тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және әкімшілік құқық бұзушылық үшін салынған айыппұлдарды заңда белгіленген тәртіппен уақтылы төлеуге шақырды.

Тәртіп сақшылары бейнебақылау жүйелері арқылы жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау және берешегі бар көліктерді анықтау жұмысы тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.

Жуықта үкімет басшысы жол ережелерін қасақана бұзғандарға айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажеттігін мәлімдеген еді.