Атырауда насыбайды дүкенде заңсыз сатқан тағы бір шетелдік ұсталды

айыппұл
Фото: Петропавл қалалық полиция басқармасыныкі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда шетелдіктің насыбайды дүкенде заңсыз сатқаны анықталды. Заңсыз тауар тәркіленді.

Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында насыбайдың ұлт саулығына зиянына тоқталып, құқық қорғау органдарының шара қолданбайтынын сынаған еді. 

«Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны – белгілі, ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, соның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр», - деген еді Президент. 

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 102-арнасына дүкенде насыбай сатылып жатқаны хабарланған. 

«Атырау қалалық полиция басқармасы №1 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Шыңғыс Мұсаев Азаттық даңғылында орналасқан дүкенге барып, тексеру жүргізді. Тексеру кезінде Өзбекстан Республикасы азаматының заңсыз насыбай өнімін сақтап, сатқаны анықталды. Дүкеннен 114 шағын қалтаға салынған насыбай тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Қазір аталған дерекке қатысты тиісті іс-құжаттары жинақталып жатыр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда насыбайды заңсыз сатқан шетелдік азамат ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram