Атырауда онкология диспансерінің есебінде 5 мыңнан аса науқас тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында онкология диспансерінің есебінде 5 мыңнан аса науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 9,2 пайызға өскен. Науқастардың дені сүт безі обыры, одан кейін өкпе, тоқ ішек, жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан.

Атырау облыстық онкология диспансері емхана бөлімінің меңгерушісі Анар Қайседенованың мәліметінше, халықаралық қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай «Ашық есік» акциясына 194 адам қатысқан.
Дәрігерлердің қабылдауына келгендердің арасынан 64 адам компьютерлік томографияға, 42-і ультрадыбыстық зерттеуге, 50-і рентгенге түсірілген. Оның ішінде 45 адамға маммография, бесеуіне рентгенография жүргізілген.
«Тұрғындар жолдамасыз онколог мамандардан кеңес алып, медициналық тексеруден өтті. Дәрігер бір күнде қатерлі ісікке күмәнді 8, ал, қатерлі ісікалды 21 жағдайды тіркеді. Ал, 150-ге жуық адамнан басқа аурудың түрлері анықталды», - дейді Анар Қайседенова.
Оның айтуынша, қатерлі ісіктен сауығуға болады. Бұл күні қатерлі ісіктен сауыққан Талшын есімді дертпен күресудің жолы туралы әңгімелеп берді.
«Қатерлі дертпен күресу оңай емес. Оған ең алдымен сенім, үміт және туысқандардың қолдауы қажет. Ем-дом алғаннан соң ағзамда оң өзгерістер байқалды. Жақсылықты үркітіп алмайын деп жүрмін. Тұрғындарға арналған осындай ашық есік күні мен скринингтік тексеру жаман аурудың алдын алуға септігі тиеді. Тек сол мүмкіндікті өткізіп алмаса екен»,- дейді ол.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 100 млн теңгенің құрылғысымен 2 жасар баланың желкесіндегі ісікке ота жасалғанын жазған едік.