Атырауда өртенген мейрамхананың шатыры опырылып түсті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында өртенген мейрамхананың шатыры опырылып түсті.

мейрамхана
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, мейрамханадағы өрт туралы 30 мамырда сағат 21:15-те хабар берілген.

«Атырау қаласында Ш.Уәлиханов көшесіндегі екі қабатты мейрамхана өртенді. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде екі қабатты көпфункционалды кешеннің жанып жатқаны анықталды. Мейрамхананың жалпы аумағы – 2750 шаршы метр. Жалын 280 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрттің салдарынан ғимараттың 25 шаршы метр шатыры опырылып түсті», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Өрт сағат 22:30-да оқшауланып, 10 минуттан соң толық сөндірілді. Жалынды сөндіруге 58 адам, 13 бірлік техника жұмылдырылды.

мейрамхана
Фото: Атырау облыстық ТЖД

«Мейрамханадағы өрттің тұтану себебі анықталады. Тұрғындар мен түрлі нысан иелерінен өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда қайтыс болған өрт сөндірушіні ток соққанын хабарлаған болатынбыз.