Атырауда пиротехниканы рұқсатсыз сатқан кәсіпкерлерге 1,5 млн айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Пиротехника» бірлескен рейді кезінде 33 әкімшілік іс қозғалды. Пиротехника заттарын сату талабын бұзған кәсіпкерлерге 1,5 млн айыппұл салынды.

пиротехника
Фото: Polisia.kz

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Берденовтің мәліметіне сүйенсек, былтырғы 14 желтоқсаннан биылғы 1 қаңтарға дейін «Пиротехника» профилактикалық іс-шарасы өткізілген. 

– Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көңіл аудару. Аталған іс-шара аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге ірі сауда орталықтары мен базарларда рейд жүргізілді. Рейд кезінде 33 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік іс қозғалды. Пиротехника заттарын сатуға байланысты талапты бұзған жеке кәсіпкерлерге жалпы сомасы 1 млн 522 мың 950 теңге көлемінде айыппұл салынды, -деп хабарлады Дәурен Берденов. 

Оның айтуына қарағанда, анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігін пиротехникалық бұйымдарды рұқсатсыз сату дерегі құрап отыр. Сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін сақтамағандар да бар. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын жаңа жыл түнінде 15 атыраулық отбасының шырқын бұзғанын хабарлаған болатынбыз