Атырауда полицейлерге шабуыл жасаған үш ер адам бас бостандығынан айырылды
АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау облысында полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, қызметтік міндетін атқарып жүрген билік өкілдеріне күш көрсеткен үш ер адамның жазасы күшейтілді. Кассациялық сот Бас прокуратураның наразылығын қарап, сот актілеріне өзгеріс енгізді.
Бұған дейін Қызылқоға аудандық соты Б. мен А.-ны полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін 4 жылға, ал Ж.-ны 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына соттаған.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға Мақат ауданында болған. Мас күйдегі бір топ ер адам полиция шақырылған жерге келген қызметкерлерге белсенді қарсылық көрсеткен.
Оқиға кезінде олар полиция қызметкерлерін тепкілеп, қару ретінде ағаш таяқ пен тас қолданған. Салдарынан полицейлердің біреуі орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған.
Бас прокуратураның наразылығын қараған кассациялық сот бұрын тағайындалған жазаны әділ емес әрі жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейді деп бағалаған.
Соттың мәліметінше, сотталғандардың әрекеті қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып қана қоймай, қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерінің денсаулығына зиян келтірген. Осыған байланысты олардың әрекеті қоғамға жоғары қауіп төндіретіні ескерілген.
Нәтижесінде Б. мен А.-ға 4 жылдан бас бостандығынан айыру, ал Ж.-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталғандар сот залында бірден күзетпен қамауға алынды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға Мақат ауданында болған. Мас күйдегі бір топ ер адам полиция шақырылған жерге келген қызметкерлерге белсенді қарсылық көрсеткен.