Атырауда ірі кәсіпорындарға 2,3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Өңірде экологиялық заңнаманы бұзу деректері бойынша бірқатар ірі кәсіпорынға 2,3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында хабарлады.

Атырау
Фото: Видеодан скрин

Басқарма мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өңірде экологиялық заңнаманың сақталуына байланысты 21 бақылау жүргізілген. Оның ішінде 7 профилактикалық бақылау, 13 жоспардан тыс тексеріс және 1 сәйкестікке тексеріс бар.

— Бақылау нәтижесінде 52 бұзушылық анықталды. 19 нұсқама беріліп, барлығы орындалды. Жалпы сомасы 2 млрд 360 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 121 әкімшілік іс қозғалды, — деді басқармадан.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорын қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отырғаны анықталған.

— «ANACO» ЖШС экологиялық рұқсатсыз шығарындылары үшін 897 млн теңге көлемінде айыппұлға тартылды. Компания сотқа шағымданғанымен, сот шешімімен айыппұл күші сақталып, өндірілді, — деп нақтылады ведомстводан.

Сондай-ақ «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ластаушы заттардың шығарындыларын нормативтен асырғаны үшін 28 млн теңге, ал «Потенциал Ойл» ЖШС — 7,2 млн теңге, «Petrocraft» ЖШС — 1,25 млрд теңге көлемінде айыппұл төлейді.

— Барлық заңбұзушылық бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейбір іс бойынша айыппұл өндіріс сатысында. Экологиялық бақылау мен мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жалғасады, — деп атап өтті Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері.

Бұған дейін Атырау экологиясына әсер ететін негізгі нысандар белгілі болғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар