Атырауда Республика күні қалай тойланды

ту
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырауда Республика күніне орай мемлекеттік ту көтерілді. Мұнайлы шаһардағы тутұғыр алаңында әнұран мен патриоттық әндер шырқалды, деп хабарлайды Kazinform.

Патриоттық іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, жастар өкілдері, әскери бөлім сарбаздары қатысты.

республика күні
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Іс-шарада облыс әкімі Серік Шәпкенов жұртшылықты мерекемен құттықтап, Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміздің құндылығына тоқталды.

– 1990 жылғы 25 қазанда еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат арқылы еліміздің тұтастығы, жеріміздің бөлінбейтіндігі, бірлігіміздің мызғымайтыны, Қазақстан халқының мәдениетін, тілін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту секілді мемлекеттілік қағидаттар тұңғыш рет жария етілді. Сол күннен бастап халқымыз ұлттың ұлы мұраты – жаңа мемлекет құруға кірісті. Республика күнінің қайта жаңғыруы – Жаңа Қазақстан ұрпағының өзінің тарихи бастауы мен терең сабақтастығы тамырын тануының басты нышаны. Республика күні ретінде бұл күнге ұлттық мереке мәртебесі берілді. Соған орай бүгін біз Туымызды көкте желбіреттік. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, жұртымыз тыныш, еліміздің мәртебесі биік болсын! Көк туымыздың астында Әділетті Қазақстанды бірге өркендетейік, - деді Серік Шәпкенов.

атырау
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Тутұғырдың биіктігі – 91 метр.

Алып туды үнемі көрініп тұруы үшін қолмен немесе электр жетегімен көтеретін көпқырлы болаттан жасалған дөңгелек конус тірегі бар.

Ұзындығы 80 метрлік тутұғыр айналасында субұрқақ пен доға пішінді композиция бар.

Композицияның орта тұсында қоладан жасалған Қазақстан Республикасының картасы, жоғары жағында Елтаңба орнатылған.

Ал, шеткі бөліктеріне Әнұран жазылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын бір атыраулық мемлекеттік наградамен марапатталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар