Атырауда шекара маңындағы ауылда лотос гүлдеді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы шекараға жақын Көптоғай ауылы маңынан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген лотос гүлдейтін үшінші табиғи аумақ анықталды. Сирек өсімдік Дөлеңкі өзегінде өсіп тұр.
Тұңғиық деп те аталатын гүлдің бұл түрі Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылынан орталығынан шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Гүл алқабы айтарлықтай үлкен емес. Ауыл тұрғындары осы аумақтан лотосты соңғы үш жылдан бері байқапты. Дегенмен бұл туралы көпшілік біле бермейді. Өйткені, қалың шөп мен ағаштардан өзен бетіндегі сұлулықты байқау қиын.
Айта кетейік, лотос гүлдеген ең үлкен аумақ Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің саласында орналасқан. Алқап көлемі шамамен 5 гектарды құрайды. Бұл аумақ туралы жергілікті тұрғындар да, туристер де көптен бері хабардар.
Шілде айында тұңғиық гүл Атырау қаласындағы Перетаска өзегінде гүлдеп шықты.
Лотос – мемлекет қорғауындағы сирек кездесетін өсімдік. Оны жұлуға, сындыруға, зақымдауға немесе заңсыз жинауға тыйым салынған. Заң талаптарын бұзғандарға 13 млн теңгеге жуық көлемде айыппұл салынуы немесе заңда көзделген өзге де жаза қолданылуы мүмкін.
15-16 тамыз күні Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында екінші рет лотос фестивалі өтетінін еске салайық.