Атырауда шомылу маусымы қашан басталады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында Жайық өзенінің суы шекті деңгейге дейін төмендеген жоқ. Сол себептен шомылу маусымының қашан басталатыны белгісіз болып отыр. 

Жайық
Фото: Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Аблановтың айтуынша, Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендемегеніне байланысты шомылу маусымының ашылу уақыты белгісіз мерзімге ығыстырылды. 

«Өткен жылы Атырау облысы әкімдігінің шешімімен 46 шомылу орны анықталған еді. Оның алтауы Индер мен Жылыой аудандарында, өзгесі Атырау қаласының аумағында ашылған болатын. Ал, биыл шомылу маусымының ашылуы белгісіз мерзімге шегерілді. Өйткені, Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеу көрсеткіші әлі тұрақтаған жоқ. Сол себептен, судың төмендеуін күтуге тура келеді. Содан соң өзен жағалауы мен су арнасының түбін тұрмыстық, өзге де қоқыстардан тазарту жұмысы ұйымдастырылады. Дәл қазіргі уақытта ашық су айдындарында шомылуға қатаң тыйым салынады», - деді Бақыт Абланов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында суға шомылу кезеңі маусымның үшінші онкүндігінде басталатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар