Атырауда спорт басқармасының бұрынғы басшысы 4, жаттықтырушы 3 жылға сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау соты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы мен аға жаттықтырушыға қатысты үкім шығарды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс Атырау қаласындағы № 2 сотта қаралған.
— Биыл 21 сәуірде Атырау қаласының № 2 соты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Д. Коспановқа қатысты үкім шығарды. Ол «Олимпиадалық резервті дайындау орталығы» КММ-ның аға жаттықтырушысы Н.Майлашевтен бюджет қаражаты есебінен оқу-жаттығу жиындарына шығуға жәрдемдескені, сондай-ақ КММ жаттықтырушыларынан жалпы сомасы 2,4 млн теңгеге жуық ақша қаражатын заңсыз жинау жолымен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 1,7 млн теңге сомасында пара алған. Бұдан басқа, басқарма басшысы КММ-де еңбек қызметін іс жүзінде жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны заңсыз төлеп, 1,1 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, — деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Сот үкімімен басқарманың бұрынғы басшысы Д.Қоспанов 4 жылға, аға жаттықтырушы Н.Майлашев 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Сотталғандар мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың экс-әкімі мен әкімдіктің шенеуніктеріне берілген жаза өзгеріссіз қалғанын жазған болатынбыз.